«ЖЫНДЫ» ЖАҢАЛЫҚТАР

gsgfds СЕКІРЕЙІН ДЕП ҚАЛДЫ…

Секірейін, секірейін деп қалды…  Секіргенде, арықтан, өзеннен, мұхиттың үстінен секірейін деп қалған жоқ. Теміртау қаласының тұрғыны Серік Жарынов стадионның биік мұнарасына шығып алып шешінді. Киімдерін айтамын да. «Ища–ай!» деп қайтадан киініп алды. Айқайлады. Секіріп кетпек болды.

Сөйтсек бар ғой, Жарынов «жар» басынан бекерден–бекер секіргелі жатқан жоқ екен… Қанат есімді полиция қызметкері статистиканы көтеру үшін оны ұсақ қылмыстарға итермелепті.  Келіспесе, көздерін бақырайтып, тілін шығарып, «құбыжық»  болып, қорқытатын көрінеді.  Биіктігі  30 метр мұнараның үстінде  3 сағаттай тұрған Жарыновты бас полицейдің өзі құтқұармақ болып, мұнараның ортасына дейін өрмелеп барып,  «жүрегі айныған» соң, қайтадан жерге түскен. Қысқасы, секірейін деп қалған жігіт құтқарылып, арыз жазу үшін прокурорлармен бірге кетті…

 

ТЫР ЖАЛАҢАШ…

Шымкентте «жабайы» еркек пайда болды. Екі кештің арасында анадан туғандай болып, қала көшелерінің бірінде «серуендеп» жүрген. Мұны байқап қалған «ақылды» жігіттер  көліктерінен түсе қалып, «жабайыны»  «біртүрлі» тапаншаларымен атқылап кеткен. Құйрығын сипалап, отыра кеткен жалаңаш ауруханаға түсті…

ШАПАЛАҚ

«Баяғыда бізді мұғалімдер бормен ұратын, өлген жоқпыз» дейтін шығарсыз? Өз пікіріңіз өзіңізде, қалтаңызда қалсын, Тараздағы нөмірі  26 мектепте 21 жастағы зертханашы  5–ші сынып оқушысына: «Жүгіре берме!» депті. Сол сөзге «өті жарылып»,  ауруханаға түсе жаздаған оқушы келістіріп тұрып балағаттаған ғой. «О, рахмет саған, тағы да боқташы!» дейтін кімді көрдіңіз? Артынан  жетіп барған зертханашы  оның бетіне шапалақпен салып қалған, оқушы сол жерде «талып» қалған… Содан ата–анасы полицияға  арыз түсіріп, мектеп директоры Әмина Әбдрахманова да «шапалақ жеп» қалмас үшін зертханашыны жұмыстан шығарып жіберді. Не боп барады өзі, мына дүние?

ЖЕЙДІ ДЕ ҚАШАДЫ…

 

Жеп алып, жата беретіндер елімізде көп қой, ал жеп алып, қаша жөнелетіндер де бір қауым ел. Жейді де, қашады. Қашып бара жатып  та, жеп кетеді. Түгін қалдырмай. Оңбағандар… Осындай жемқордың бірі– басы дауға қалған экс банкир Мұхтар Әблязовтің туған балдызы  (оңтүстіктерше қайнысы) Сырым Шалабаевтың да істемеген пәлесі жоқ екен.

Баяғыда–ақ, жеп алып қашып кеткен Сырым мырзаны интерпол итпен іздеп жүр. «Сәке, елге келіп, «құсып» кетсеңізші…» дейтіндерге Алла жар болсын!

 

СОТ ТА СОТТАЛАДЫ…

 

Сот та– адам. Ол да пара алуға «тиісті». Оның да құлқыны құдық. Ол да бала–шағасын асырауы керек. Сондықтан соттарды соттау, олар пара алып жатқанда тұтқындау дұрыс емес… Дәл осылай кеңкелес адамдар ғана ойлайтын шығар? Ал, дені сау адам: «Сенген серкеміз сен болсаң…» деп теріс айналып кетер еді… Жақында  сот төрағасы сотты болды. Батыс Қазақстан облысы Зеленов аудандық сотының төрағасы қызметінде «құйғытып» жүрген Бақытжан Сатыбалдиев біреуен «әкімшілік айыппұлдан арашалаймын» деп 200 мың теңге алып жақанында, құдай ұрып қалды… Сорлап… Аштан өлгендей… Масқара болғанда, 200 мың теңгеге бола алты жылға қамалды, 5 жыл басшылық қызмет атқара алмайды енді…  Бұрынғы сот–қазір «коррозияға ұшыраған тот..»

Пікір қалдыру